Медико-социальный проект

«Әр жетістік ата-ананы қобалжытады…»

Мират Сезім 1 жас 1 айда. «Жұлдызай» оңалту орталығына 3 айлық бөбек кезінен келеді.
— Сезіммен «Жұлдызай» орталығына қызым 3 айға жеткен кезінен бастап келіп бастадық. Осы уақыт аралығында нәтиже көріп отырмыз. Қызым жақсарып қалды, орталыққа келіп отыра бастады, еңбектеді, жүріп үйренді. Міне, бүгін тұсауын кесіп жатырмыз. Жұлдызай орталығы бізге қатты көмектесті. Себебі балам қатты әлсіз болды. Қазір өте мықты, аяғында тік тұра алады, — Сезімнің анасы Айкүміс айтуда.
Сезім медициналық оңалту орталығында уқалау курстарын алған болатын. Орталыққа қатынау барысында болған өзгерістер елеулі.
— 3 айдан бастап орталықта массаж алдық. Ол кезде қызым айналмайтын, айналуды үйрендік. Маман Сезімге тек массаж жасап қоймай, барлығын үйрететін, қалай отыру керек, әр бұлшықеттін қалай қозғалуы керектігін үйрететін. Бір сеанста айналуды үйретсе, келесінде отыра бастады, одан кейін еңбектей бастадық. Енді міне жүре бастадық.
«Жұлдызайдың» қызметкерлері тек қана балалардың орталық қабырғасында емес, үйде де оңалтуды жалғастырудың маңыздылығын ата-аналарға жеткізеді, сұрақтарына жауап беріп, ұсынымдар береді.
— Менде сұрақ көп болды. Өйткені баламның қамы, жағдайы жақсы болсын деген ниеттемін. Осында жұмыс жасап жатқан ұжым барлығына тиянақты, қарапайым сөзбен, үйде не істеуге болатынын, келесіде қашан келуімізге болатынын айтып отырады. Сол үшін мен өте ризамын оңалту орталығына. Қызметкерлер да өте керемет, жайдары, көңілді, әрдайым біздің қамымызды ойлап тұрады. Әрбір қимылын түсіндіреді. Ең бастысы бұл орталық тегін. Бұл орталықты тауып алғанымызға, кездескенімізге өте ризамын. Рақметімді айтамын.
«Тұсау кесер» рәсімінің кезінде әрдайым ата-аналарда қобалжу сезімі болады. Алғашқы қадамын жасап жатқан баласын көру ешбір ата-ананы бей-жай қалдырмайтыны анық.
— Әрине керемет сезімде отырмын, өз балаңның жетістіктерін жүрек дірілдейді, қобалжисың. Бүгін Сезім «Тұсау кесер» рәсімінде домбыраны таңдап алды, барлық қызметкерлер әртіс болады, подиумда жүргендей жүріп өтті дегендерін естідім. Болашақта мүмкін бір өнерлі қыз болатын шығар деймін.
Сондай-ақ Айкүміс ханым өзінің ризашылығын білдіруде:
— Тек қана рақметімді айтамын. Әрі қарай бұл орталық көбейе берсін. Сіздердің арқаларыңызда көп балалар аяққа тұрып жатыр. Көптеген балалар келіп жатыр, мүлдем қозғалмайтын, ауыр диагноздармен, оның барлығына қызметкерлер қалай сөйлесу керегін, қалай қарым-қатынас жасау керегін біледі. Сіздерге осындай оңалту орталығын ашқаныңызға алғыс айтамын.