Новости

“Алтын күз” мерекесі

Күз мезгілі — барлық балаларға ерекше мезгіл. Дәл осылай қазан айының соңғы күні “Жұлдызай” оңалту орталығы үшін керемет мерекемен өтті. “Алтын күз” тақырыбында өткізілген іс-шараның ең маңызды бөлімі ерекше балаларымызға “Тұсау кесер” және “Тілашар” салт-дәстүрлерін ұйымдастыру болды.
Алтын күз, Құбылмалы Ауа-райы және Егістік кейіпкерлерінің ролін сомдаған “Жұлдызай” орталығының мамандары “Тілашар” дәстүрінің батырларының дайындап келген тақпақтарын тыңдады. 8 баланың бірінде жаңа дыбыстар пайда болса, бірінде толық сөйлеммен сөйлеу қалыптаса бастады.
Менің екі ұлым бар, екеуі де осы “Жұлдызай” орталығына келіп, алғашқы сөздерін айтқан болатын. 3 жасында ұлым Әділеттің сөздік қорында бар-жоғы 10 сөз болатын. Бұл, әрине, ол уақытта өзімен қатарлас балалармен салыстырғанда әлдеқайда артта қалуы еді. Осы орталықтың мамандары ұлымның тілін менен де жақсы тауып, қазір осындай нәтижеге жеткізіп, бүгін “Тілашар” жасап жатырмыз. Алдағы уақытта мектепке дайындаламыз. Бұрын мектепке қалай барар екен деп уайымдағанымыз да бар. Бірақ қазір баламның жетістігін көріп, болашақта да сабақты алып кетеді деп үміттенеміз. Барлық осы орталыққа, қорға көмектесіп жатырған “BI Group” құрылыс компаниясының қызметкерлеріне, барлық мейірімді жандарға үлкен алғысымды айтамын, — деп бөлісуде Әліби мен Әділеттің анасы.
Мереке кішкентай 5 бүлдіршіннің “Тұсау кесер” дәстүрін өткізумен жалғасын тапты. Балалардың тұсауын кесуге “BI Group” компаниясының қызметкерлері атсалысты.
Шынымды айтсам, мен бұл күнді қызым өмірге келгелі бері күттім, — деп бөлісуде Еркеназдың анасы, — үлкен ұлыма да, қызыма да ДЦП диагнозы қойылған болатын. “Жұлдызайға” үлкен ұлымды әкеле бастағанмын. Ай сайын келіп, оңалтудан өтіп тұрдық. Біз көбінесе сабақ барысын камера алқылы қарап отырамыз. Бір күні ЛФК залында қызым сабақ өтіп жатырған кезде өздігінен 3-4 қадам жасағанын көріп қалдым да, өз көзіме сенбедім. Біраз минут өткеннен кейін ғана өзіме келіп, кеудем қуанышқа толып кетті. Қазір де осы күнге жеткеніме өте қатты қуанып, толқып отырмын, тек қана шүкір деймін. Аналық жүрегіммен барлық көмек қолын созып жатқан жандарға, құрылысшыларға үлкен рахмет айтамын.
“Алтын күз” мерекесі балаларымыз бен мамандарымыздың бірлескен флешмобымен, қонақтармен ұйымдастырылған ойынмен, бүлдіршіндеріміз бен ата-аналардың әні мен биімен, “Жұлдызайдың” өнерлі тәрбиеленушісінің скрипкада ойнаған туындысымен өз жалғасын тапты.
Мереке көп болсын! Балаларымыз бізді қуантып жүре берсін!