Ерекше балаларға арналған «Жұлдызай» фестивалінің республикалық кезеңі аяқталды  

«Жұлдызай» балалар шығармашылығының Фестивалі — әрбір ерекше бала үлкен сахнада өзін жұлдыз ретінде сезіне алатын жалғыз орын. Жыл сайын Қазақстанның түкпір-түкпірінен балалар фестиваль сахнасына жиналады.
XVIII «Жұлдызай» фестивалінің республикалық кезеңі аяғына жетті. Биыл республикалық кезеңге қатысуға еліміздің барлық өңірлерінен балалардан 550 өтінім қабылданды.
— Фестивальға дайындық барысында ешқандай қиындық болған жоқ, себебі мен орындаған күйіме сүйсіне дайындалдым. 1 орын алғанымды білген соң өте қуанышты болдым. Өйткені қатысып жатқан кезде қатты қобалжыдым, бірақ осындай жақсы жаңалық шығып, мен орын алдым. Фестиваль мен Гала-концерттен көп эмоция мен жақсы естеліктер қалса екен деймін, — деп бөлісуде Алматы қаласының № 4 арнайы мектеп-интернатының тәрбиеленушісі Телюханов Рамазан.
Рамазан “аспапта орындау” номинациясында жеке қатысуы алғаш рет. Осыған дейін жас талант оркестрдің құрамында өнер көрсеткен.
— Мен Түгелбай Ақеркенің жетекшісімін. Осы жылы “Вокал” номинациясы бойынша 1 орын иегері атанды. Біз үшін, Ақерке үшін өте маңызды байқау. Жыл сайын асыға күтеміз, себебі осы Фестивальмен өте көп бақытты сәттер өтті. Ақерке көп достар тапты. Ауданнан бас жүлде, облыстан 1 орын иеленіп, Республикалық деңгейге өттік. Үлкен конкурста да 1 орын алып, өте қатты қуандық. Ақеркенің қуанышы ішіне сыймады. “Жұлдызай” — керемет жоба, әрдайым жоғарғы деңгейде ұйымдастырылады. Ортамен қарым-қатынасын жақсартуға, өзіне деген сенімділікті арттыруға, мүмкіндіктерін ашуға үлкен жағдай жасап жатырған жоба. Мұнда көптеген жұмыс пен еңбек бар.
Ақеркенің ерекшелігі — ол тума талант. Орындайтын әндерін өзі таңдайды. Дәстүрлі әндерді жақсы көреді. Билеттерімізді алып қойдық. Енді бұйырса үлкен сахнада өнер көрсетеміз, — деп бөлісуде Кабенова Гүлжазира Сайыновна, Атырау облысының Жаңашаруа орта мектебінің педагог-психологы.
1, 2 және 3 орын алған лауреаттар 1 маусымда Балаларды қорғау күнінде Астана қаласында өтетін Гала-концертке қатысуға шақырылады.
Гран-При иегері Фестиваль сайтында жалпыхалықтық дауыс беру арқылы анықталады және Гала-концерт сахнасында жарияланады.
Фестивальді ұйымдастырушылар — «Жұлдызай» Корпоративтік Қоры, фестивальдің бас серіктесі — BI Group құрылыс холдингі.