Медико-социальный проект

Менторлардың Шымкент қаласына алғашқы келуі

Шымкент қаласында алғаш рет «Жұлдызай» корпоративтік қорының «MUMKINDIK» тәлімгерлік жобасы аясында 2023 жылғы 20-24 ақпан аралығында «Балалардағы туа біткен жүрек ақауларын хирургиялық түзету» тақырыбында мастер-класс өтті. Беларусь Республикасы Минск қаласының Республикалық ғылыми — практикалық орталығының балалар кардиохирургы, еуропалық кардиоторакальды хирургтар қоғамының (EACTS) мүшесі және Ресей балалар кардиохирургтары қоғамының мүшесі Линник Юрий Иванович, Беларусь Республикасы Минск қаласының Республикалық ғылыми-практикалық орталығының кардиолог, кардиохирург, анестезиолог-реаниматолог дәрігері Назарова Виктория Юрьевна менторлар рөлінде болды.
Жоба аясында жүрек ақауы бар балалар мен жасөспірімдерге 8 күрделі операция жасалды.
Минсктен келген мамандармен мастер-класс өтті. Бұрын жасап жүрген операциялармен қатар жаңадан біз жасап көрмеген операциялар орындалды. Сол кісілерден керекті алатын тәжірибемізді алдық. Әр операцияның өзіндік ерекшеліктері бар, әрине. Наркоз, операциядан кейінгі жағдай, реанимациядан кейінгі жағдай сияқты. Балалардың жағдайы бірінші тәуліктен бастап жақсара бастады, ата-аналарын танып, сүтін іше бастады. Менторлардың интенсивті терапиядағы тактикаларының ерекшеліктері өте көп. Барлығын бірлесіп жасап, тәжірибелік алмасу жасалды. Мұндай мастер-класстар бізде Қазақстанда өткізілгені өте қолайлы. Себебі, балаларды шетелге жіберуден немесе бір дәрігерді оқытып келгеннен гөрі мамандарды жергілікті тұрғын жерге әкелу бірнеше врачтардың оқытылуына септігін тигізеді. Бұл проектті Қайырымдылық қорының жасап жатқаны өте тамаша. Үлкен рахметімізді айтамыз, — деп айтуда балалар кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Бердибеков Талгат Нурланович.
Күрделі операцияның бірі Ильяс Жанельге жасалынды. Операцияға дейінгі жағдайы мен баланың қазіргі жағдайы жайлы анасы Елжан Ақбота баяндауда:
Біз Жетісай қаласынанбыз, қаңтар айында қызым қатты грипп болып ауырып, больницаға жаттық. Сол жерде жүрегінде шум бар деді. Тексерту керек болды. Бірақ сол кезде күн қатты суытып, келе алмай қалдық. Ақпан айында тексеріске келгенде жүрегінде 5 миллиметр тесік бар деді, бірақ осы больницаға келгенімізде 7 миллиметр деп, экстренно алып қалды. Қызымның салмақ қоспай, арық болуы да осы жүрегіне байланысты екен. Осы кезде Беларусьтен врачтар келіп, операцияға қатысты. Барлығы сәтті өтті, палатаға шығуын күтіп отырмыз. Алғашында жүрек болғасын уайым болды, операция қалай өтеді екен деп қобалжыдым. Бірақ барлығы жақсы өткеніне қуаныштымын. Осы бір операциядан кейін ешқандай операция керек емес деп айтты. Барлық қолдау жасап жатырған адамдарға, қолдаушыларға үлкен аналық алғысымды білдіргім келеді.
Бұл жолғы менторлардың келуі ерекше болды, себебі Қор алғашқы рет кардиохирургиялық операцияларды іске асыратын мамандарды шақырған болатын.