Медико-социальный проект

Отбасының қуанышы

Шынында, 25 ақпан үлкен қуаныштарға толы күн болды. Себебі бір отбасының бірдей екі бүлдіршіні Сайлаубек Айару мен Қайрат Раййан «Тілашар» дәстүрінің басты кейіпкерлері болып, алғашқы сөздерін айтып, отбасын және «Жұлдызай» медициналық оңалту орталығын қуантқан болатын.
— Ең алғашында «Жұлдызай» оңалту орталығы жайлы жұбайым ғаламтордан білген болатын. Және Алматы қаласында осы орталықтың филиалы бар екенін білген соң, балаларымызды осы жерге алып келуге шешім қабылдадық, — дейді Айару мен Раййанның әкесі Қайрат.
Айару мен Раййан орталыққа келгендеріне жарты жылға жуық уақыт болды. Алайда, осы кішкентай уақыттың аралығында балалар үлкен жетістіктерге жетіп отыр.
— «Жұлдызайға» келмес бұрын, балаларымызда «р», «л» сияқты тағы басқа әріптерді айтумен қиыншылықтар болды. Кейде балаларымыздың не айтқанын түсінбей қалатын едік. Орталықтың мамандарының арқасында осы әріптерді, сөздерді дұрыс айта бастады. Ең бірінші рет осы балаларымыздың тілдерінің жаттығып, сөйлей бастағанын естіген кезде өте қатты қуанған болатынбыз.
Айару мен Раййанның арасы 1,5 жас болса да, балалардың бір-біріне көрсететін қамқорлығын бірден байқауға болады. Сабақтан алған білімдерін бір-бірімен бөлісіп, кейбір нәрселерді түсіндіріп те отырады.
— Айару, біздің тұңғышымыз, осы жылы мектепке 1 сыныпқа барады. Бірнеше жылдан кейін екі баламды да елімізге қызмет ететін азаматтардың қатарында болатынына сенемін, — дейді Қайрат, — осындай оңалту орталықтарының қатары көбейсе екен деп тілеймін. Себебі мұнда ерекше балаларға арнайы ем шаралары жасалады. Қызметкерлер керемет еңбек етеді.
— Орталық қызметкерлеріне үлкен алғысымды білдіремін. Және BI Group компаниясына да рақмет айтамын. Осындай сауықтыру орталықтарында балаларымызға қамқорлық көрсетіп жатқандарына. Жұмыстары алға баса берсін, биік шыңдарға жете берсін. Осындай компаниялар көбейе берсін дегім келеді.