Медико-социальный проект

Заңғардың алғашқы қадамы

Асқарбек Заңғар «Жұлдызай» медициналық оңалту орталығының табалдырығын 2021 жылдың қаңтар айында аттады. Бір айдың ішінде бөбек елеулі нәтижелерге жетіп, еңбектей бастады, біраз уақыттан кейін аяққа тұрып, жүруге талпынды.
— Балам Заңғар 2019 жылғы. Диагнозымыз: бұлшықет дистониясы, миотоникалық синдром. Яғни, бұлшықетіміз бос. Сондықтан «Жұлдызай» оңалту орталығына келген болатынбыз. Қаңтар айында алғаш рет келдік. Ол кезде Заңғар еңбектемейтін, төрт аяқтап тұра алмайтын. Осы уақытқа дейінгі нәтижелерді көріп жатырмыз. Бүгінгі «Тұсау кесер» де біз үшін үлкен қуаныш, баламыздың жетістігі, — деп анасы Сағыныш бөлісуде.
Заңғардың орталықта жасаған ең үлкен жетістіктерінің бірі – жүруге талпыну, өз күшімен тұра бастау.
— «Жұлдызайға» келгелі бері жағалап жүріп, тұра бастадық. Қолмен заттарды ала бастадық. Осыған дейін баламның қолдары да дұрыс істемейтін, қазір «пинцет» пайда болып, ойнау, ойлау қабілеттері жақсарды, — дейді анасы. — Жалпы қабылдау жақсара бастады.
Орталықта Заңғарды қызметкерлер қамқорлығы мен жылулығымен қоршайды. Қазіргі кезде педагогикалық құрамның жұмысының арқасында психо-сөйлеу қабілеттері де дамып келе жатыр.
— Бұрын балам ештеңе айтпайтын. Ал қазір «мама, папа» сияқты сөздерді айта бастады. Үйде өте ашық, ал басқа адамдармен кішкене тұйықтау болып, ұялып, қорқып қалады. Психологтармен осы бағытта жұмыстанып жатырмыз, ол кісілермен күліп, ойнап жақсы қарым-қатынас жасайды. Бұл жұмыстар өз нәтижесін көрсетеді деген сенімдемін. Және Заңғарды біраз уақыттан кейін үлкен, бойы ұзын, ақылды, мықты, ұялмайтын жігіт ретінде елестетемін.
— «Жұлдызай» нағыз осындай балаларға керек орталық деп ойлаймын. Осындай орталықтар көп болса деймін. BI Group-тың қызметкерлеріне, әсіресе фондты қолдап жатырған меценаттарға, жұмыскерлерге, балалармен жұмыс жасайтын орталықтың қызметкерлеріне үлкен алғыс айтамын. Сіздерге үлкен рақмет.
Бұл «Тұсау кесер» – Заңғардың өміріндегі жетістіктердің тек алғашқы сатысы. Баламыз биік шыңдарды бағындыратынына сенімдіміз!