Новости

«Жұлдызай» Ұлттық Инклюзивті Ойындары

Соңғы жылдары елімізде мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдерді қолдау мақсатында республикалық «Жұлдызай» Ұлттық Инклюзивті Ойындары өткізіліп келеді. Дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан бұл шараның негізгі көздегені − еліміздің түкпір-түкпіріндегі ерекше балалар мен жасөспірімдердің спорттық әлеуетін арттыруына ынталандыру, олардың әлеуметтік белсенділігін дамыту, қоғамдық ортада өздерін еркін сезінуге көмектесу, қоғамның назарын осындай балалардың проблемаларына аудару.
Жыл сайын өткізілетін бұл спартакиада 2022 жылы алғаш рет «Жұлдызай» Ұлттық Инклюзивті Ойындары ретінде жаңа форматта өтті.
2023 жылдың сәуір-маусым айларында республиканың барлық өңірлерінде қазылар алқасының қатысуымен іріктеу кезеңі өткізілді.
Аталмыш ойындарға 10-16 жастағы мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдер қатысады, олар жеңіл атлетика, голбол, мини-футбол, үстел теннисі, ұлттық ойын түрлері: «бес тас», «асық ату» және «тоғыз құмалақ» сияқты спорттың жеті түрінен сайысатын болады. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген қатысушылар саны 400-ден астам баланы және 80 жаттықтырушыны құрап отыр.
Ауқымды шараға 8-шы жыл қатарынан басты демеуші ретінде BI-Group Холдингі қызметкерлері қолдау көрсетіп, ынталылық танытуда.
Биылғы Ойындардың өтуіне ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру комитетімен қатар, ҚР Ұлттық паралимпиада комитеті, «Жұлдызай және К» Қоғамдық қоры, Астана әкімдігінің спорт басқармасы да атсалысуда.
Бас серіктес – «Sport qory» спортты қолдау қоры, Samruk-Kazyna Trust қоры және ҚР Ұлттық паралимпиада комитеті болса, ақпараттық серіктес ретінде «Qazsport» телеарнасы ниет білдірді.
«Жұлдызай» Ұлттық Инклюзивті Ойындарының екінші кезеңі ағымдағы жылдың 20-22 қыркүйек арасында Ж.Үшкемпіров атындағы жекпе-жек cарайында, «Qazaqstan» жеңіл атлетика спорт кешенінде және 10 гимназияда өткізіледі.
Ойындардың жеңімпаздарын салтанатты түрде марапаттау аталған ұйымдарда Паралимпиялық чемпиондардың және ресми тұлғалардың қатысуымен өтуі жоспарлануда.
Бүгінгі таңда «Жұлдызай және К» Қоры – бала тұлғасын өздігінен дамытудың, оны тұрақты түрде әлеуметтік ортаға кіріктірудің бірлескен қоғамдық жемісті жұмысы.